Басталуына дейін:

күн сағат минут секунд
UCI
"Алматы туры" әсері жағынан "Тур де Франстан" кем түспейді, ал Медеудегі мәре маған лайық - Луценко

26 сентября 2017

"Алматы туры" әсері жағынан "Тур де Франстан" кем түспейді, ал Медеудегі мәре маған лайық - Луценко

shareДостармен бөлісу

"Астана" спортшысы әлем чемпионатындағы жетістігі мен еліміздегі жарысқа дайындығы жайлы айтып берді.

"Астана" командасының өкілі - қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко "Алматы турындағы" чемпиондық титулын қорғап қалуға дайындық үстінде. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ол әлем чемпионатындағы жетістіктен кейін жақсы спорттық бабында екенін және қазақстандық жарыстың жеңімпазы Медеуде анықталатынына қуанышты екенін айтты. 

- Алексей, топтық жарыс барысы Сіз үшін қалай болды?

- Әлем чемпионатына үздіктер мен ең мықтылары келеді. Бұл әрбір велошабандоз үшін маусымдағы ең маңызды старттардың бірі. Сондықтан дайындалдық. Жарыстың өзі оңай болмады, себебі биыл жүріп өтетін жолдың қашықтығы ең ұзақ болды. 270 шақырым - оңай жүріп өтетін қашықтық емес, 300 шақырымға жететін "Милан - Сан-Ремо" жарысындай. Тағы бір оңтайлысы - онда бейтарап старт. Жарыс жолы бірде төмен, бірде жоғары Норвегияда өтті, ырғақ та жоғары болды. Айналымға кіргенде екі тау болды. Негізгі тауға көтерілу қашықтығы - 1,5 шақырым, дәл осы тұста жарыс қыза түсті. Айналымға жеткенде Голландия құрамасы алға шығып, негізгі топ тарап кетті, бұл жайлы бізге директор Дмитрий Седун радиодан хабарлады. Төрт айналымда мықты спортшылардан құралған топ алға озды. Онда Бельгия құрамасының мықтылары да болды. Сондықтан ритм жоғарылап, топ бірден шашырап кетті. Жағдайым жақсы еді. Қазақстан құрамасында үш-ақ адам болдық - мен, Жандос Байжігітов және Дмитрий Груздев. Жігіттер әрдайым жанымда жүріп, көмектесті. Радиомыз қосулы болды, Дмитрий Седун жарыс барысын бақылады, озғандар жайлы, уақыт пен велошабандоздар жайлы нақты мәліметіміз болды. Кейде қандай спортшылардың алда келе жатқанын білмей қаласың. Ал бізде мәлімет болды. Соңғы айналымға дейін алдымызда мәре мен соңғы тауды күту міндеті тұрды. Солай жасадым да. Көбінде фавориттерге қарап отырдым. Жарыста топ жарған Саганға, Грег ван Аверматқа көз тігіп отырдым. Ал соңғы айналымда және соңғы тауға келгенде солармен бірге жүрумен болдым.


Біліумше, телеарнадан трансляция үзіліп қалды. "Еуроспорттан" соңғы шақырымдарды көрсетпеді деп жатыр. Төрт шақырым қалғанда шабуылға көштім. Алдымда екі спортшы шамамен он секундқа озып келе жатты. Үш шақырым қалғанда белорус Василий Кириенкоға жеттім, онымен қызықты жарыс болды. Бір жарым шақырым қалғанда көш тізбектеліп кетті, мен де арасында жарысып, нәтижесінде тоғызыншы болып келдім. Соған қарамастан, көңілім орнында. Алдымда өңшең атақты спортшылар. Жарыс шын мәнінде өте ауыр болды, жолдың бедері бойынша да, жылдамдық пен қашықтық жағынан да ауыр. Енді екі күн үйімде боламын да, "Алматы турына" аттанамын.

- Тоғызыншы орын - үздік нәтиже, ТМД спортшыларының ішінде үздік. Бірақ Сіз соңғы шақырымдарда үдетіп, бұдан да жоғары орындардан үмітті болғанға ұқсайсыз.

- Әрине, әрқашан үздік нәтиже көрсеткің келеді. 2012 жылғы жетістікті қайталағым келді (сол жылы Луценко 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының топтық кезеңінде топ жарған еді - Авт.), бірақ қарсыластардың деңгейі өте жоғары болды. Екі шақырым қалғанда шабуылымды жапқан Филипп Жильберді мысалға келтіруге болады. Кириенкоға жақындағанымда әжептәуір қашықтыққа озған едім. Тобымызда 20 адам болды, барлығы оза түсуді ойлады, шабуылдан шабуыл. Бір кезде мен де байқап көрдім - мүмкін болмады. Алайда тоғызыншы орынға да көңілім толады. Енді келесі әлем чемпионатын күтемін. Моральдық тұрғыда дайынмын. Бұл жолы осындай үздіктер қатарында жарысып та жеңуге болатынына сенімдімін.


- Байжігітов пен Груздев көмекші рөлін қалай атқарды?

- Жандос пен Дмитрий қажет кезінде табыла білді. Жарыс басында көмектесті. Бір кезде олардың желден қорғап, жасап жүрген ығында жүріп отырдым, кейде суымды алып беріп отырды. Таңғы уақытта киіммен шықтық, жол бойында шешінуіме көмектесті, қажетті барлық жұмысты атқарды.

- Топтық жарыста бар болғаны үшеуіңіз жарыстыңыздар, қарсыластарыңызда көмекшілер көп болғанын ескерсек, бұл Сіздер үшін қалай әсер етті?

- Голландия, Бельгия, Италия құрамалары алты адамнан жарысты. Әрине, басымдығы да болды. Әрбір оза шабуда спортшылары демеп отырды. Бірақ ұзап кеткендерге жетіп алып, шабуылдаумен болдым.

- "Алматы туры" қарсаңында жақсы спорттық бабымдамын деп айта аласыз ба?

- Әрине, иә. Әлем чемпионаты енді ғана аяқталды, онда жағдайым жақсы болды. Екі-үш күннің ішінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды деп ойлаймын. Осы уақыт бойы спорттық қалыбымды сақтауым керек, жаттығу жасауым қажет, ауыр жарыстан кейін қалпыма келуім керек. "Алматы турында" командамыз мықты болады, жеңіске жетеміз деп отырмыз.

- "Алматы турының" төрт дүркін жеңімпазы боламын деген ойға қалай қарайсыз?

- Әрине, "Алматы турында" төртінші рет жеңіске жеткім келеді. Алайда қатысушылардың тізімін көрдім - мықты командалар көп. Сондықтан жеңіс оңай келе қояды деп ойламаймын. Ауыр жарыс болады деп, соған дайындалып жатырмын.

- Екінші күні мәре Медеуге болады. Ол жақта велосипед теуіп көрген шығарсыз?

- Әрине. Қазақстан құрамасымен бірге жаттығу жасадым, тауды жақсы білемін. Сөре қарсаңында тағы да бір рет көтеріліп көремін, анықтап қарап, қай кезде жарысуды, қай кезде шабуылдауды шешемін. Бұл алғашқы бесмыңдықтан кейін болады деп ойлаймын, спортшылар шлагбаумнан кейін, тау бедері жоғары тұста шабуылдау керек дейді.


- Сіз үшін мәренің Медеуде орналасуы жеңіске жетуді қиындата ма, әлде оңайлата ма?

- Осы тауға көтерілу ұнайды, маған сәйкес келеді. Жарыстың екінші күнінде мәрені Медеуге орнатқанына қуаныштымын. Талай мәрте барғанбыз, ойластырып көргенбіз, өте таныс тау. "Алматы турына" келетін жанкүйерлерге қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетуін сұраймын. Қазақстандық үш команда қатысады - "Астана", Vino - Astana Motors, Қазақстан құрамасы. Қазақстандықтарға жанкүйер болуға келіңіздер, жас әрі болашағынан үміт күттіретін велошабандоздар болады! Қазіргі таңда Қазақстанда велоспорт жоғары деңгейде дамып жатыр, бұл өте әсерлі спорт түрі. Тамашалауға да қызық болады, әсіресе Медеудегі мәре. Биыл "Алматы туры" жарысушыларға ғана емес, жанкүйерлерге де қызықты болады. Өте әсерлі болады! Пиреней мен "Тур де Франстан" бір кем соқпайды! Теледидар арқылы ғана емес, өз көзіңмен көруге де өте қызық болмақ.

"Тау королі" немесе "Алматы туры" велододасында тағы қандай жейделер ойнатылады?

Еске салайық, биыл мерейтойлық, бесінші тур тұңғыш рет екі күн бойы өтеді - 30 қыркүйек және 1 қазан. 29 қыркүйекте Республика Сарайының алаңында қатысушы командалардың таныстырылымы өтеді. Веложарыссүйер қауымға спортшылармен бірге әуесқой жарыстар, конкурстар және ұтыстар ойнатылады - бұл шаралар 28 қыркүйекте өтеді. Луценкомен қатар, жарысқа "Астана" құрамында әлем велоспортының жұлдызы - Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері дат Якоб Фульсанг қатысады. Қазақстандық команданың үздіктерімен бірге әуесқой спринтерлік жарысқа қатысу мүмкіндігін өткізіп алмаңыздар, толығырақ мына жерден оқуға болады.